Басты бет › СҚО-да денсаулық сақтау саласының топ-менеджерлеріне арналған шеберлік сағаты өтті

СҚО-да денсаулық сақтау саласының топ-менеджерлеріне арналған шеберлік сағаты өтті

СҚО-да денсаулық сақтау саласының топ-менеджерлеріне арналған шеберлік сағаты өтті

Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының өңірлердегі күндері аясында «Денсаулық сақтау саласының топ-менеджерлер мектебі» шеберлік сағаты өтті. Іс-шараны «МТАЖО» АҚ-ның Медициналық қызметкерлердің құзыреттерін дамыту орталығы ұйымдастырды. Оқытуға Солтүстік Қазақстан облысының медициналық ұйымдарының бірінші басшылары мен басшы орынбасарлары қатысты.

Шеберлік сағаты барысында медициналық ұйымдарды тиімді басқару, пациенттердің қауіпсіздігі мен медициналық көмектің сапасын арттыру, адам ресурстарын басқару және денсаулық сақтау саласын цифрлық трансформациялау мәселелері қамтылды.

Бағдарлама төрт негізгі бағыт бойынша құрылды. «Медициналық ұйымды тиімді басқару» модулінде бизнес-консультант және бизнес-тренер Шолпан Бихамбетова медициналық ұйымдарды басқарудың заманауи тәсілдері бойынша тәжірибесімен бөлісті.

«Сапа және пациенттердің қауіпсіздігі» модулін денсаулық сақтау саласындағы сапа менеджменті және аккредиттеуге дайындық жөніндегі сарапшы Айжан Садырбаева жүргізді. Қатысушылар медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған басқару құралдарын талқылады.

«Бас дәрігердің HR-ы» модулінде денсаулық сақтау ұйымдарындағы адам ресурстарын басқару және кадрлық әкімшілендіру саласының сарапшысы Асемгүл Бейсембина сөз сөйледі. Модуль аясында кадрлық басқару, команданы дамыту және басшының HR-функциялары қарастырылды.

«Цифрлық трансформация» модулінде цифрлық денсаулық сақтау саласының сарапшысы, Қазақстандағы AI дамыту қауымдастығының GR-директоры Асель Абакова, сондай-ақ HR-процестерді автоматтандыру, командалар құру және AI-шешімдерді бизнес-процестерге енгізу саласының сарапшысы Дагар Давлетов заманауи цифрлық құралдар мен технологияларды қолдану мүмкіндіктерін таныстырды.