Басты бетМТАЖО медицина мамандарының цифрлық құзыреттерін дамытуда

МТАЖО медицина мамандарының цифрлық құзыреттерін дамытуда

МТАЖО медицина мамандарының цифрлық құзыреттерін дамытуда

Денсаулық сақтауды цифрландыру тек жаңа технологияларды енгізумен шектелмейді. Электрондық медициналық деректер, пациенттің цифрлық профилі, жасанды интеллект және қашықтан мониторинг жүйелері медицина мамандарының күнделікті жұмысына еніп келеді. «Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ (МТАЖО) сарапшылардың пікірінше, цифрлық трансформацияның тиімділігі технологияның болуымен ғана емес, оны кәсіби әрі қауіпсіз қолдана алатын мамандардың дайындығымен де тікелей байланысты.

Осы бағытта «МТАЖО» АҚ медицина мамандарының цифрлық құзыреттерін дамытуға бағытталған білім беру бағдарламалары мен практикалық семинарлар өткізуде. Атап айтсақ, тамыз айында ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының ауруханасында өткен «Пациенттің цифрлық профилі денсаулықты персоналдандырылған басқару құралы ретінде» тақырыбындағы семинарда 50-ге жуық дәрігер, орта медицина қызметкері және ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдардың қызметкері білімдерін шыңдады.

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Пациенттің цифрлық профилі бөлімінің меңгерушісі Әсел Абақованың жетекшілігімен өткен бұл семинар барысында қатысушылар пациенттің цифрлық профилін қалыптастыру, әртүрлі медициналық ақпараттық жүйелерден деректерді біріктіру және оларды медициналық шешімдер қабылдау кезінде тиімді пайдалану тәсілдерін қарастырды. Сонымен қатар оларға HL7 FHIR, SNOMED CT және ICD халықаралық стандарттары, электрондық медициналық карталар, қашықтан мониторинг жүйелері, киілетін құрылғылар және ЖИ мүмкіндіктері таныстырылды.

«Цифрлық трансформацияның нәтижесі тек технологияға емес, оны қолданатын маманның құзыретіне де байланысты. Сондықтан цифрлық құралдарды меңгерумен қатар, медициналық деректердің қауіпсіздігі, құпиялылығы және оларды пайдаланудағы жауапкершілік мәселелеріне де ерекше мән берілуі қажет», – деп атап өтті сарапшылар.

Бүгінде жыл басынан бері «МТАЖО» АҚ ұйымдастырған білім беру іс-шараларына 5000-ға жуық маман қатысып, кәсіби қызметінде цифрлық құралдарды пайдалану бойынша білімдері мен практикалық дағдыларын жетілдірді.

«МТАЖО» АҚ бұл бағыттағы жұмысты жалғастырады. Алдағы жоспарға цифрлық денсаулық сақтау, жасанды интеллект, медициналық деректермен жұмыс істеу және заманауи цифрлық шешімдерді практикада қолдану тақырыптарындағы жаңа семинарлар мен білім беру бағдарламаларын өткізу енгізілген.