«Медициналық технологиялар және ақпараттық жүйелер орталығы» АҚ ҚР Президенті Іс басқармасына қарасты ұйымдардың техникалық және инженерлік қызметкерлеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау бойынша оқыту өткізді.
Оқыту барысында қазандықтар мен жүк көтергіш механизмдерді қауіпсіз пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мамандарға жабдықтарды пайдалану кезіндегі негізгі қауіпсіздік талаптары, техникалық бақылау және қызмет көрсету тәртібі, жұмыстарды қауіпсіз орындау қағидалары, сондай-ақ өндірістік тәуекелдердің алдын алу және авариялық жағдайларға жол бермеу шаралары түсіндірілді.
Семинарды онлайн және офлайн форматта қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласының білікті маманы әрі лекторы Айтбек Сүлейменов жүргізді. Өнеркәсіптік және электр қауіпсіздігі, еңбекті қорғау және өрт-техникалық даярлық бағыттарында 20 жылдан астам тәжірибесі бар маман тиісті сертификаттарға, соның ішінде OHSAS 18001 халықаралық жүйесі бойынша сертификатқа ие.
Іс-шараның негізгі мақсаты – техникалық персоналдың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білімін жетілдіру, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік тәуекелдердің алдын алу.